Біздің әлеуметтік желідегі парақшаларымыз

Институт директорлары

Қоғам мен білім егіз болса, сол білімді барынша тереңдетіп оқытатын ұстаздар біліктілігін арттыру өзектілігі әрқашан да басты мәселе. Осы орайда  ең алғаш 1935 жылы әдістемелік орталық болып білім саласының жанашыры, педагог Керім Тіленшиннің басқаруымен негізі қаланып, басты мақсаты облыстың түрлі аудандарында, ауылдарында жұмыс істеп жүрген мектеп мұғалімдеріне білім саласында болып жатқан түрлі  өзгерістерді меңгерту, сабақ жүргізудің  тиімді жолдарын көрсету арқылы әдістемелік  көмек  беру еді. Ол орталықта алғашында 12  қызметкер жұмыс істеді. Әдістемелік орталықтың кәсіби қалыптасуы негізінде мұғалімдердің педагогикалық шеберлігін көтеруге бағытталған жұмыстың нәтижесінде 1946 жылы әдістемелік  орталық  мұғалімдердің облыстық біліктілігін  жетілдіру институты деген мәртебесін иеленді.

1948 жылдың наурыз айында қабылданған Оңтүстік Қазақстан  облыстық КП(б) К қаулысына сәйкес Оңтүстік Қазақстан  халыққа білім беру бөлімі жанынан Абай  атындағы Оңтүстік Қазақстан  облыстық  мұғалімдердің білімін жетілдіру  институты  болып бекітіледі. Ол Оңтүстік Қазақстан   облыстық еңбекші депутаттарының атқару комитетінің басшылығымен жұмыс атқарды. Институт жұмысы келесідей мақсаттарға негізделді:

  • мемлекеттік білім беру саясатын жүзеге асыру;
  • облыс көлемінде білікті мамандарға деген қажеттілікті қанағаттандыру;
  • мұғалімдердің шеберлігін арттыру.

Біліктілікті арттыру институтының сол кездегі директоры Ищанов Кәрімнің басшылығымен  мұғалімдердің кәсіби деңгейін көтеруді мақсат еткен институтта  пән мұғалімдері үшін арнайы курстар жүргізілді. Курс барысында мектеп мұғалімдерінің қажеттіліктері  ескеріліп, арнайы әдістемелік көмектер берілді.

Басқарған жылдары Директор Суреті
1935 жыл Керім Тіленшин
1945 жыл Ищанов Кәрім
1948 жыл Галямов Махсут Минирахманұлы
1949-1950 жылдар Айдаров Байлар
1950-1951 жылдар Бахитов Юсуф Бахитұлы
1951-1954 жылдар Дилматов Кенжебек  
1954 жыл Шакиров Сардар Шакирұлы  
1956 жыл Тен Иван Моисеевич
1984-87 жылдар Шойбеков Үсен Шойбекұлы
1987 жыл Мамыраев Ергешалы
1997 — 1999 жылдар Пірмат Шаруа Пірматұлы
1999 — 2007 жылдар Бектенғалиева Сәния Хайруллақызы
2007 жыл Кулешов Александр Николаевич
2010 жыл Айтбаев Бақберген Қожамбердіұлы
2011 — 2012 жылдар Туғанбаев Мырзабек Ілесұлы
2012 жылдан бастап Искакова Лаура Тұрлыбекқызы

1948-1955 жылдар аралығында  директорлық қызметте М.М.Галямов (1948-1949ж.ж.), Б.Айдаров (1949-1950ж.ж.), Ю.Бахитов (1950-1951ж.ж.), К.Дилматов (1951-1954ж.ж.), С.Шакиров (1954-1955ж.ж.) жұмыс жүргізді. Бұл кезеңде институт  қызметкерлері пән мұғалімдерімен бірге мектеп басшылары үшін арнайы курстар өткізуді қолға алып, әдістемелік көмек беру ұйымдастырылды.

1956-1984 жылдар аралығында  басшылық  қызметке келген  Иван Моисеевич Тен облыс көлеміндегі тірек мектептерінің озық тәжірибелерін жинақтау, тарату жұмыстарын қолға алып, арнайы семинарлар, курстар ұйымдастырды. Алғашында 250-ден басталған курс тыңдаушыларының  саны  1 жылда 5 мыңға  жетті.

1984  жылы институт тізгінін қолына алған  Үсен Шойбекұлы Шойбеков кезінде гуманитарлық, жаратылыстану-математикалық, педагогика және психология, социология мен қоғамдық пәндер бағытында жұмыс жасаған кафедралар игі істер атқарды.

1987-1997 жылдар аралығында басқарған Ергешалы Мамырайұлы Мамыраев мектептегі оқу ісін мемлекеттік білім стандартында туындайтын жаңа талаптарға сай келетіндей етіп ұйымдастыруды қолға алды. Осының нәтижесінде институт жұмысы өркендеп,  ұжым қызметкерлерінің кәсіби құзыреттілігі артты.

Облыстық атқару комитеті Халық депутаттар Кеңесінің  22.04.1991 жылғы №258 бұйрығына сәйкес облыстық оқу-әдістемелік кабинеті құрылады және институт атауы облыстық мұғалімдердің біліктілігін арттыру және қайта даярлау институты  болып өзгертіледі. Осы жылдар аралығында облыстық мұғалімдер білімін жетілдіру  институты жоғары шығармашылық,  кәсіби шеберліктерге қол жеткізеді.

Пірматов Шаруа Пірматұлы басқару кезінде институт Оңтүстік Қазақстан облыстық үздіксіз білім беру институты  болып өзгерді. Бұл тұста институт қызметкерлері ғылыми-зерттеу жұмыстарын  жүргізуге жұмылдырылды.

Басқару қызметіне Бектенғалиева  Сәния Хайруллақызы келген тұста мемлекеттік тілді қолдау аясында «Мемлекеттік тіл» кабинеті,  дарынды балаларды анықтау және дамыту мақсатында «Дарын» кабинеті,   халыққа білім беру тарихын есте сақтау үшін облыстық педагогикалық мұражай, компьютер класы,  лингвистикалық орталық ашылды. Экологиялық биологиялық бұрышы жасақталып, спорт алаңы, АӘД алаңы, «Тоғызқұмалақ», «Бестас» халықтық ойын бөлмелері құрылды. Физика,  химия, биология кабинеттері, географиялық алаң жабдықталды. Осы заманғы ақпараттық технологияларын қолдана оқыту әдістерін белсенді жасауды қамтамасыз ететін құрылымдық бөлімше ретінде дәстүрлі кітапхана қорын пайдаланып, медиатека құру мақсатында компьютер аймағы құрылды. Дәстүрлі емес ақпарат қорын қалыптастыру және қорға электронды каталог құру жұмыстары жүргізілді.

Облыстық мұғалімдердің біліктілігін арттыру және қайта даярлау институты облыстық білім департаментінің 19.01.1999 жылғы №11947-1958МК бұйрығына  сәйкес облыстық үздіксіз білім беру институты болып қайта құрылады.

Оңтүстік Қазақстан облыстық әкімшілігінің  мекемені  кәсіпорынға айналдыру жөніндегі 01.09.1999 жылғы №44 шешімімен облыстық үздіксіз білім беру институты мемлекеттік коммуналдық  қазыналық кәсіпорын болып ауыстырылды.

Осы жылдары республикада алғаш рет ауқымды халықаралық деңгейде инновациялық педагогикалық технологияларды енгізу аясында ғылыми-практикалық іс-шара ұйымдастырылды. Бұл кездесуге атақты ғалымдар, педагогигалық технологиялардың авторлары Ш.А. Амонашвили, М. М.Жанпеисова, Т.Т.Галиев, Р.В.Овчарова қатысқан болатын. Конференция барысында республикалық ғылыми-практикалық зерттеу орталығының директоры, п.ғ.к. Жексенбаева Ү.Б., Москва қаласындағы Мемлекеттік педагогикалық университетінің профессоры, педагогика және психология ғылымдарының докторы А.И.Савенков арнайы сабақтар берді.

2002 жылы ҚР Білім және ғылым министрі Н.С.Бектұрғановтың бастамасымен 12 жылдық білім беру моделіне көшудің тұжырымдамасы жобасын дайындау Оңтүстік Қазақстан облысына тапсырылып, жұмыс тобы құрылды. 12 жылдық  мектепте және мектепке дейінгі, арнаулы, жалпы қосымша және кәсіптік білім беру ұйымдарында жұмыс жасау үшін педагог мамандарды қайта даярлауда концепция дайындалды. Осы концепцияны дайындауда сол жылдардағы облыстық білім беру бөлімі басшысының орынбасары Қожамжарова Рахима Тохтарханқызы бастаған жұмыс тобы және осы топтың төраға орынбасары Ергешбаева Шынар Нәліходжақызы көптеген жұмыстар жүргізді. Сонымен қатар жаңа қазақстандық оқулықтарды апробациядан өткізу бойынша тың істер жасалды.

Александр Николаевич  Кулешовтің басқару барысында  институт атауы Облыстық білім беру жүйесіндегі жаңа технологиялар, педагог кадрлардың біліктілігін арттыру және қайта даярлау орталығы болып өзгертілді. Облыстық мұғалімдердің біліктілігін арттыру және қайта даярлау институты түгелдей ақпараттық-коммуникативтік технологиямен жабдықталды: әрбір қызметкер  жеке дербес компьютермен қамтылып, интернет желісіне қосылды. Мемлекеттік стратегиялық бағыт тұрғысынан  көптілді білім беру  кабинеті  ашылды.

Білім беру бағдарламалары инновациялық педагогикалық технологияларды, іздеушілік, зерттеушілік және шығармашылық қызмет дағдыларын, оқытудың ақпараттық және қашықтан оқыту  технологияларын меңгерген көп тілді мұғалімді даярлауға бағытталған тың жұмыстар жүргізілді.

          Бақберген Қожамбердіұлы Айтбаев 2010 жылдың тамыз айында институт директоры болып тағайындалды. Сол жылдары институттың атауыОҚО білім басқармасы «Педагог кадрлардың біліктілігін арттыру және қайта даярлау институты» ҚР ОҚО бойынша педагог қызметкерлердің біліктілігін арттыру институты РМҚК қайта өзгерді.

2011  жылдың тамыз айынан 2012 жылдың қазан айы аралығында  институтқа Туғанбаев Мырзабек Ілесұлы басшылық жасады. 2011 жылдың қазан айында педагог кадрлардың біліктілігін арттыру және қайта даярлау орталығынан облыстық мұғалімдердің біліктілігін арттыру және қайта даярлау институты болып өзгертілді.

ҚР Үкіметінің №232 қаулысына сәйкес 2012 жылы 17 ақпанда «Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығы» акционерлік қоғамы құрылды. ОҚО бойынша педагогикалық қызметкерлердің біліктілігін арттыру институты филиал ретінде 2012 жылдың 2 қазанында облыстық Әділет басқармасында тіркелді. Осы уақыттан бастап Лаура Тұрлыбекқызы Искакова  институтты басқарып келеді.

Қазақстан Республикасында білім беру саласын дамыту саясатында айқындалған педагог қызметкерлердің біліктілігін арттыру жүйесінің сапасын жетілдіру үдерісі әлемдік озық тәжірибе негізінде жаңа форматта жүзеге асырылуда. Қазіргі таңда заман талабына сай педагог қызметкерлердің біліктілігін арттыру жүйесіне өзгертулер енгізіліп, білімді дамытудың сұраныстарына толық жауап беретін педагогтердің кәсіби құзыреттілігі мен біліктілігін арттырудың тиімді моделі құрылды. Бүгінгі таңда бұл аймақтық  инновациялық орталықта әлемдік және қазақстандық озық тәжірибені енгізу негізінде жоғары сапалы білім беруді қамтамасыз ететін тәжірибелі профессорлар, доценттер, ғылым кандидаттары, магистрлер және тренерлер қызмет жасайды.